You are currently viewing Жолаушылар тасымалы жүйесіндегі проблемалар туралы

Қазақстанның қоғамдық көлігі халық тарапынан үлкен наразылық туғызады. Сонымен бірге, қоғамдық көлікті тұтынушы төлем жасаудан жалтаруға тырысады деген экономикалық құбылыс бар.

Бұл мәселе жолаушылар ағынының жоғары деңгейіне және жол ақысын бақылау мүмкіндігінің болмауына байланысты мегаполистерге көбірек тән.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2023 жылғы қаңтар-қазанда Қазақстан Республикасының қалалық қоғамдық көлігімен 1,1 млрд. жолаушы тасымалданды, оның ішінде Астанада 167,8 млн. жолаушы, ал Алматыда 367,2 млн. жолаушы тасымалданды.

Көліктік бақылау департаментінің мәліметінше, Астанада күн сайын 90 000-ға жуық жолаушы жол жүру ақысын төлемейді. Нәтижесінде автобус парктері күн сайын 8 млн теңгеден астам шығынға ұшырайды.

Алматыға келетін болсақ, «Алматыэлектротранс» ЖШС Бас директорының пайдалану жөніндегі орынбасары Омархан Абылайханның айтуынша, жолаушылардың шамамен 20%-ы жол ақысын төлемейді.

Жолаушылардың билетсіз жүруі автобус парктерінің айналым қаражатын азайтады және бюджеттен субсидиялау сомасын арттырады. Мәселен, Астана қаласында әлеуметтік маңызы бар ішкі қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау сомасы 2022 жылы 21,4 млрд. теңгені, ал 2023 жылы – 7 млрд. теңгені құрады. Алматыда жолаушылар тасымалын субсидиялау 2021 жылы — 78 млрд. теңгені, 2022 жылы – 50,4 млрд. теңгені, 2023 жылы – 60,8 млрд. теңгені құрады.

Әлемдік тәжірибені талдауда байқалғаны — мемлекеттер мен тасымалдаушы компаниялар әкімшілік бақылау, технологиялар мен ынталандыру шараларын енгізу арқылы билетсіз жолаушылармен белсенді күресуде.

ӘКІМШІЛІК БАҚЫЛАУ ШАРАЛАРЫ

Қазақстанда 2021 жылы 239 мың билетсіз жолаушы анықталды, оның тек 9 мыңы 2 АЕК мөлшерінде айыппұл төледі (2023 жылы АЕК — 3450).

Талдау нәтижесіне сәйкес, Қазақстандағы айыппұл мөлшері әлемдегі ең төмен болып есептелінеді. Германияда билетсіз жүргендер орта есеппен 60 еуро айыппұл (30,3 мың теңге), Парижде – 50 Еуро (25,2 мың теңге), Лондонда – 45 еуро (22,7 мың теңге), Варшавада – 37 еуро айыппұл (18,6 мың теңге), Прагада – шамамен 31 Еуро (15,6 мың теңге), ал Будапештте — 26 Еуро (13,1 мың теңге) төлейді. Римде билетсіз жол жүру ең қымбат — 200 еуроға дейін (100 мың теңге).

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІ ЦИФРЛАНДЫРУ

Жол жүру төлемін кондукторсыз жасауға және төлем фактісін мониторингтеу арқылы билетсіз жолаушыларды анықтауға баса назар аударылады.

Сонымен қатар, интеллектуалды бейне аналитика — биометриялық сәйкестендіру жүйелері қолданылады. Face-to-face төлем жүйесі Қытайда және Сингапур, Дубай, Лондон қалаларында қолданылады.

Жүйе жолаушының беттерін тануға және биометриялық деректерді оқуға мүмкіндік береді және сапар құнын автоматты түрде есептен шығарады. Жол жүру ақысын алгоритм бойынша тексереді: әр аялдамада кіріс және шығыстарды тіркеу, деректер орталығына деректерді беру және маршрут бойынша төлемді және есепті қалыптастырумен салыстыру.

Нью-Йорк қаласында (АҚШ) жергілікті көлік басқармасы аялдамаларда орналасқан арнайы машиналарда жол ақысын алдын-ала төлеу маршруттарын ұйымдастырды. Бұл жолаушыларға кез келген ашық есік арқылы автобус салонына жылдам өтуге мүмкіндік береді. Оңтүстік Кореяда метроға кіре берісте жақтаудан өткен кезде автоматты түрде төлем жасауы бейімделген. «Bluetooth Low Energy» технологиясы жолаушының смартфонын анықтайды және жол жүру құнын картадан автоматты түрде есептен шығарады.

Санау датчиктері арқылы жолаушылар ағынының автоматтандырылған мониторингі қолданылады. Израильде 1,4 мың автобус нақты уақыт режимінде жолаушылар санын бақылауға және оны ақылы жол жүру билеттерінің санымен салыстыруға мүмкіндік беретін автобус есіктерінің үстіне орнатылған датчиктерді енгізді. Осыған ұқсас жүйе Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында 1,5 мың автобуста енгізілген.

Мәскеу қаласында турникеттер орнатылды, олар төлем жасамаған жолаушыларға кедергі болды. Алайда, кейіннен Мәскеу әкімшілігі отырғызу уақытының едәуір ұлғаюына байланысты турникеттерден бас тартты. Турникеттерсіз көлік тезірек және жиі жүре бастады.

ЫНТАЛАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ

Жолаушыларға қаражат үнемдеуге және тиімді бонустар алуға мүмкіндік беру арқылы көлік карталарын танымал ету тәжірибесі дамыған.

Мысалы, Оңтүстік Кореяда бірыңғай «T–MONEY» көлік картасы қолданылады. Қолма-қол ақшамен салыстырғанда карта бойынша сапарлар тиімдірек.

Көлік картасын арқылы басқа маршрутқа тегін ауысып отыруға болады және жеңілдіктер де бар. Карта бонустарды үлестес сауда нүктелерінде (кітап, спорт және т.б.) жинақтауға және жұмсауға, сондай-ақ экскурсиялық автобустар мен метро станцияларында сақтау камераларының қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді.

Мәскеуде жолаушылардың 90%-дан астамы «Тройка» электронды картасын пайдаланады. Картаны толтыру кезінде бонустық шотқа соманың 3% түседі. Карта 5 мыңнан астам серіктестердің (дәріханалар, медициналық клиникалар, ұялы байланыс операторлары, интернет-кітап дүкендері және т.б.) қызметтеріне жеңілдіктер ұсынады және жол ақысын төлеуге немесе дүкендерде, дәріханаларда, кафелерде жеңілдікке айырбастауға болатын 6% мөлшерінде кэшбэк ұсынады.

Сингапурда «EZ-Link» электронды смарт-картасының иелері әр сапардан оның құнының 15%-на дейін үнемдей алады. Әр түрлі жеңілдікті бағдарламалар қарастырылған, мысалы, табысы төмен азаматтар жол жүру жеңілдіктеріне құқылы. Карта ұстаушылар қала-мемлекеттің мұражайлары мен аттракциондарына бара алады.

Гонконгта халықтың 99%-ы «Octopus» электрондық картасын пайдаланады. Карта көлік және басқа да қызметтерге ақы төлеуге болатын бонустарды жинауға мүмкіндік береді.

Добавить комментарий