You are currently viewing Құрылыс материалдары бағасының өсуі аясында  Қазақстанның тұрғын үй саласы үшін тәуекелдер

Қазіргі уақытта Қазақстанның құрылыс секторы құрылыс материалдары бағасының қарқынды өсуінен туындаған қатты қысымға ұшырауда. Жалпы, құрылыс материалдарының бағасы 2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,1%-ға өсті. Бұл ретте тауарлардың жекелеген түрлеріне бағаның өсуі 50%-дан асады.

Анықтама үшін: 2021 жылғы желтоқсандағы қиыршық тастың бағасы 2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 232,2%-ға, болаттан жасалған қырлы табақтарға – 81,8%-ға, әктасқа – 71,6%-ға, қара металдардан жасалған құрылыс конструкцияларына – 70,9%-ға, құрылыс ерітінділері мен құрғақ құрылыс қоспаларына – 64,8%-ға өсті.

Қазақстанда құрылыс материалдарының қымбаттауының себебі пандемия аясында туындаған кейінге қалдырылған сұранысқа байланысты ішкі және сыртқы нарықта тауарлардың тапшылығы болып табылады.

Тауарлардың жекелеген түрлері бойынша жоғары импортқа тәуелділік және әлемдік бағаның өсуі ел ішіндегі салаға теріс әсер етеді. Құрылыс материалдарының негізгі импорттаушылары – Ресей, Қытай және Түркия. Ресейде құрылыс материалдарының бағасы 11,3%-ға, Қытайда 13%-ға, Түркияда 85,8%-ға өсті. Бұл Қазақстандағы бағаның өсуіне әсер етті.

Жалпы, құрылыс материалдарының импорты өткен жылы 24,9%-ға өсті, отандық сала ішкі нарықты 61%-ға қамтамасыз етеді.

Анықтама: 2021 жылдың алғашқы 7 айында ғана керамикалық отқа төзімді кірпіштер, блоктар мен плиткалар импортының үлесі 98,1%, табақ шыны – 97,6%, бояулар мен лактар – 92,8%, ағаш материалдары – 65%, ыстықтай илектелген сырықтар мен шыбықтар, профильдер – 52,8% құрады. Бұл ретте, 2021 жылғы желтоқсанда кірпішке импорттық баға 2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 15,4%-ға, ағашқа – 23,7%-ға, тастан, гипстен, цементтен, асбесттен жасалған бұйымдарға, керамикалық бұйымдарға, шыныға және одан жасалған бұйымдарға — 21,3%-ға өсті.

Таяу болашақта Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстан туындаған теңгенің әлсіреуі құрылыс материалдарының құнына теріс әсер етеді.

ҚР ИИДМ сәйкес құрылыс материалдары мен бұйымдары құрылыстың жалпы өзіндік құнындағы шығындардың 60-65% құрайды.

Анықтама үшін: бұл ретте жылжымайтын мүлік құнына әсер ететін құрылыс материалдарының негізгі тобы кірпіш – 18%, темірбетон бұйымдары – 17%, металлургиялық конструкциялар мен бұйымдар – 10%, құрғақ қоспалар – 6%, бетон – 3% және т. б., яғни бұл бағаның күрт өсуі байқалатын материалдар болып табылады.

Бұл фактілер құрылыс материалдары бағасының өсуі мен жылжымайтын мүлік құнының арасындағы тікелей байланыс туралы айтады. Мәселен, 2021 жылдың басында құрылыс материалдарына бағаның өсуі жылдық мәнде 5,5%, ал тұрғын үйге — 7,5%-ды құрады, жыл соңына қарай көрсеткіштер тиісінше 26,5% — и және 16,6%-ды құрады. Бұл ретте тұрғын үй сатып алу бойынша халықтың ақшалай табысының сатып алу қабілеті бір жылда 8,6%-ға төмендеді.

Бұл факторлар тұрғын үйді пайдалануға беру қарқынына теріс әсер етеді және құрылыс саласында дағдарыстың туындау ықтималдығын арттырады.

Біріншіден, құрылыс материалдары бағасының өсуі шағын құрылыс салушылардың нарықтан кету қаупіне әкелуі мүмкін. Көптеген кәсіпорындар бағаның көтерілуіне дайын болмай, өткен жылғы смета бойынша пәтерлерді сатқан кезде үлескерлер алдындағы шығындардың немесе міндеттемелердің өсуіне байланысты қиын жағдайға тап болады. Анықтама үшін: 2021 жылғы желтоқсанда 2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда өз қызметін уақытша тоқтатқан құрылыс компанияларының саны 13,5%-ға өсті. Іс жүзінде 2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 2,1 мың кәсіпорын, негізінен шағын құрылыс салушылар құрылысты тоқтатты. Осылайша, құрылыс компанияларының банкроттық толқыны және аяқталмаған құрылыс нысандарының өсуі қаупі бар. Сонымен қатар, нарықта құрылыс нарығын монополиялайтын ірі құрылыс салушылар ғана қалады.

Екіншіден, құрылыс материалдарының қымбаттауы құрылыс көлемінің төмендеуіне әкелуі мүмкін, бұл «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыруға әсер етуі мүмкін. 2022 жылдың қаңтарында ғана тұрғын үйдің жалпы аумағын пайдалануға беру жылдық мәнде 9%-ға төмендеді.

Үшіншіден, тұрғын үй нарығында баға көпіршігі пайда болуы мүмкін. Карантиндік дағдарыс жағдайында ипотекалық пәтерлердің көптігі және төлем қабілеттілігінің төмендігі, сондай-ақ тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі тұрғын үй секторында дағдарысқа әкелуі мүмкін. Сарапшылар қазірдің өзінде «сабын көпіршігі» белгілерін атап өтті, оның пайда болуына тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану бағдарламасын енгізу әсер етті.

Добавить комментарий