Standard&Poor’s халықаралық рейтингтік агенттігінің болжамына сәйкес, Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингі тұрақты деңгейде қалып отыр.
Кредиттік рейтингті қолдау факторлары күшті фискалдық позиция, айтарлықтай сыртқы резервтер, мұнай нарығындағы қолайлы жағдай болып табылады. Сонымен бірге өтімді сыртқы активтердің болуы Қазақстанның фискалдық тұрақтылығын айтарлықтай қолдайды.
Агенттік Қазақстан экономикасы 2022 жылы 3,6%-ға және 2025 жылға қарай орта есеппен 4%-ға өседі деп болжайды, осы уақытқа дейін инфляция 5%-ға дейін баяулайды.
Қысқа мерзімді перспективада мемлекеттік және сыртқы баланстар тұрақты болып қалады және ықтимал макроэкономикалық тұрақсыздықты жеңілдету үшін жеткілікті болады.
2022 жылдың екінші жартысында Ресей-Украина қақтығысына байланысты 15%-ға төмендеген теңгенің нығаюы күтілуде. Сондай-ақ Ұлттық Банктің несиелеу бағдарламаларынан шығуы артық теңгелік өтімділікті қысқартады және ақша-несие саясаты саласындағы шешімдердің экономикаға әсер ету процесін жақсартады деп күтілуде.
Агенттіктің мәліметінше, геосаяси жағдай Қазақстанның несие қабілеттілігі көрсеткіштерінің өзгеруіне әсер еткен жоқ. Сарапшылар Ресейдің Украинаға қарсы әскери араласуының салдары Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығына қауіп төндірмейтінін атап өтті.
Бұл ретте Агенттік жағымсыз сценарийлерді де жоққа шығармайды. Біріншіден, егер Ресей-Украина қақтығысы аясында қазақстандық теңге нарығын тұрақтандыру үшін валюталық резервтердің айтарлықтай сарқылуы орын алса, рейтинг төмендетілуі мүмкін. Екіншіден, егер бюджеттің жағдайы нашарласа, мысалы, экономиканы қолдауға жұмсалатын мемлекеттік шығындардың едәуір ұлғаюы немесе сыртқы сауда белсенділігінің төмендеуі салдарынан кірістердің төмендеуі.
Қазақстанның кредиттік рейтингі банк секторын нығайту және институционалдық және саяси тиімділікті арттыру есебінен жақсартылуы мүмкін.
Сарапшылар Қазақстанның тиімді макроэкономикалық саясаты экономиканы әртараптандыру, жеке секторды дамыту, халықтың табысын арттыру, инвестициялық ахуалды жақсарту, салық саясатын жетілдіру жөніндегі шараларға тәуелді болатынын атап өтті.