Еліміздің экономикалық саясатының басты басымдықтарының бірі – ауыл шаруашылығын дамыту. Экономикадағы маңыздылығына қарамастан, бұл сала екінші деңгейлі банктер (бұдан әрі – ЕДБ) тарапынан жеткілікті түрде несие берілмейді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2018-2022 жылдарға арналған статистикалық есептілігін талдау көрсеткендей, аталған кезеңде орташа алғанда екінші деңгейдегі банктердің несие портфеліндегі ауыл шаруашылығы несиелерінің үлесі 1,8% (400 млрд. теңге). Мысалы, өнеркәсіп үлесі орта есеппен 13% (2,5 трлн. теңге) құрайды.
Төмен несиелеудің негізгі тежеуші себептері шағын және орта ауыл шаруашылығы субъектілері арасында кепіл базасының болмауы немесе жеткіліксіздігі, бухгалтерлік есептің болмауы (барлық ауыл шаруашылығы субъектілері қаржылық есептілікті жүргізе бермейді), сондай-ақ ауылдық жерлердегі қарыз алушыларға қызмет көрсету кезінде операциялық шығындардың жоғары болуы.
Агроөнеркәсіп кешенін және оны несиелендіруді одан әрі дамыту мақсатында елімізде тек аграрлық секторға маманданған банк құру мәселесін сарапшылар қауымдастығы талқылап жатыр.
Ауыл шаруашылығын несиелендіру саласындағы жоғарыда келтірілген талдау, осындай банкті құрудың жағымды жақтарымен қатар кейбір тәуекелдерді де алып келетінін көрсетеді.
1. Шаруаларға тікелей мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Бұл жеңілдетілген несиелеудегі тапшылықты жабуға көмектеседі. Бүгінде сараптамалық бағалау бойынша ол 1 триллион теңгеден асады.
2. Банк ауыл шаруашылығы субъектілеріне өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік беретін жеңілдетілген шарттармен ұзақ мерзімді несиелер бере алады.
3. Банк ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың барлық қолданыстағы шараларын (қаржылық және қаржылық емес) жинақтау, «Қазагроқаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және т.б. қызметтерін біріктіру арқылы біртұтас қаржы операторына айналады.
4. Ауыл шаруашылығы саласындағы ирригациялық-мелиоративтік жүйелерді жаңғырту сияқты инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік туады.
Агробанк құрудың кемшіліктеріне мыналарды жатқызуға болады:
1. Барлық екінші деңгейдегі банктер жеке капитал негізінде жұмыс істеуге тиіс. Жеке инвесторлар болмаған жағдайда мемлекет банкке қаржылық қолдау көрсетуге мәжбүр болады.
Анықтама үшін: Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Жарлығымен жаңадан құрылған банктер үшін жарғылық капитал 5 млрд теңге, ал кейбір банктердің меншікті капиталы, мысалы, Еуразиялық даму банкі – 2,3 трлн теңге, Қазақстан Халық банкі – 1,5 трлн теңге, Қазақстанның Даму банкі – 0,5 трлн теңге.
2. Ауыл шаруашылығын несиелеудің жағдайы күрт өзгермейді. Аграрлық сектордағы ЕДБ несиелеудің төмен деңгейінің қазіргі жағдайы ең алдымен ауылдық жерлерде кепілзаттың жоқтығынан туындап отыр, ал банк үшін кепіл қаражатты қайтару кепілі болып табылады.
3. Банк қаражат көздерін әртараптандырудың әлсіздігіне байланысты тікелей бюджеттік қаржыландыруға тәуелді болады, атап айтқанда, депозиттік жүйенің жоқтығы, қаржылық қызметтердің шектеулі спектрі (ағымдағы шоттар бойынша операциялар, карточкалық қызметтер, аккредитивтер, овердрафт және т.б.).
4. Сыбайлас жемқорлықтың жоғары тәуекелдері сақталады. Мемлекет бақылайтын және тәуелсіз басқарусыз банк сыбайлас жемқорлық қысымының тәуекелдеріне ұшырайды. Мысал ретінде Қазақстанның Даму банкін келтіруге болады, ол, Мемлекет басшысының айтуынша, таңдаулы адамдар тобының жеке банкіне айналды, ал ірі кәсіпорындар бәсекелестікке жол бермей, ерекше жеңілдіктерге ие болды.
2022 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Бақтиярұлы және А.Ш. Әлназарова Агробанк құру мәселесі бойынша Премьер-Министрі А.Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.
Премьер-Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын еншілес ұйымдарының қызметі арқылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландырады, соның ішінде ауыл шаруашылығындағы түрлі жобалар бар. Осыған байланысты Агробанк құру орынсыз болып табылады.