You are currently viewing Қазақстанның су шаруашылығын  дамыту мәселелері мен келешегі

1. Ағымдағы жағдайды талдау

Қазақстан Республикасының су қоры 524 км3-ге бағаланады, оның ішінде 80 км3 мұздықтарға тиесілі, 190 км3 көлдерде шоғырланған, өзен қорларында 101 км3, жер асты суларында – 7,6 км3 бар.

Республика аумағында 39 мыңға жуық өзен және 48 мыңнан астам көл бар, 8 су-шаруашылық бассейнінің 7-і трансшекаралық болып табылады, 1282 тұщы жер асты суларының орындары барланды, 45 минералды су орындары табылды.

Қазақстан аумағында сегіз су шаруашылығы бассейні орналасқан: Балқаш-Алакөл (ШҚО, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстары) – 149,4 км3, Ертіс (ШҚО, Павлодар облысы) – 43,8 км3, Орал-Каспий (БҚО, Атырау, Ақтөбе облыстары) – 28 км3, Арал-Сырдария (Түркістан, Қызылорда облысы) – 21,9 км3, Шу-Талас (Жамбыл облысы) – 6,11 км3, Есіл (СҚО, Ақмола облысы) – 5,34 км3, Нұра-Сарысу (Қарағанды, Ақмола) – 4,59 км3, Тобыл-Торғай (Қостанай) — 2,9 км3.

Әлемдік ресурстар институтының зерттеулері бойынша Қазақстан жоғары су күйзелісіне ұшыраған елдердің қатарына кірді (үлкен тапшылық жағдайы).

Су ресурстарының жетіспеушілігі Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облыстарында байқалады. Маңғыстау облысы халқының су тұтыну көлемінің күнделікті тапшылығы 50 мың м3 (тұтыну көлемі – 200 000 м3, қолжетімді ауыз су көлемі – тәулігіне 150 000 м3), Атырау облысы – 13 мың м3 (тұтыну көлемі – 140 000 м3, қолжетімді ауыз су көлемі – тәулігіне 127 000 м3) құрайды.

2. Қазақстанның трансшекаралық өзендер ағынына тәуелділігі

Іс жүзінде Қазақстанның жер үсті суларының жиынтық ресурстары жылына 90,1 км3 құрайды, оның 54,5 км3 – жергілікті ағын, 50,8 км3 – трансшекаралық сулар: Қытайдан – 21,4 км3 (Іле, Емел, Ертіс өзендері), Өзбекстан – 16,9 км3 (Сырдария өзені), Қырғызстан – 3,14 км3 (Шу, Талас, Ассы, Қарқаралы өзендері), Ресей – 9,31 км3 (Орал, Еділ, Шаған, Сарыөзен, Қараөзен, Тобыл өзендері).

Трансшекаралық өзендер ағынының Тәуелділік индексіне сәйкес Қазақстан Израиль мен Португалиямен тең дәрежеде көршілес мемлекеттердің суларына тәуелді.

Трансшекаралық ағынға барынша тәуелді Арал-Сырдария – 93%, Жайық-Каспий – 82%, Шу-Талас – 74%, Балқаш-Алакөл – 48% су шаруашылығы бассейндері.

Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің су шаруашылығы балансына болжамы 2030 жылға қарай трансшекаралық өзендердің су ағынының 11%-ға қысқаратынын көрсетеді.

3. Қазақстанда су ресурстарын пайдалануды талдау

Қазақстанда суды пайдалану тиімділігі орта есеппен басқа елдерге қарағанда төмен – ЖІӨ-нің 1000 долларына 41,9 м3 су (Австралия – 15 м3, Бразилия – 26 м3, АҚШ – 31 м3, Ресей – 33 м3).

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, табиғи көздерден су алудың жалпы көлемі 2020 жылы 24,5 км3 (барлық жылдық су ресурстарының 22,6%) құрады, оның 85%-ы су тұтынуға жіберіледі: ауыл шаруашылығы (60,9%), өндірістік (28%), шаруашылық-тұрмыстық (3,9%) және басқалары (7,2%).

Тасымалдау кезінде жыл сайынғы су шығыны су алудың жалпы көлемінің шамамен 15-16% құрайды. Бұл ретте, осы көрсеткіш жыл сайын өсуде: 2016-2020 жылдар аралығында 48%-ға өсті (2016 – 2,5 км3, 2020 – 3,7 км3).

Шығындардың себебі – сумен жабдықтау желілері мен ирригациялық жүйелердің тозуының жоғары деңгейі. Суару жүйесінде ұзындығы 21,5 мың км болатын 3,5 мыңға жуық магистральдық және шаруашылықаралық арналар бар, оның 55%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда.

3.1. Коммуналдық шаруашылықта су ресурстарын пайдалану

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Қазақстанда жалпы бюджеті 1,5 трлн. теңге құрайтын «Ауыз су» (2002-2010 жж.), «Ақ бұлақ» (2011-2020 жж.), «Өңірлерді дамыту» (2020-2025 жж.), «Нұрлы жол» (2020-2025 жж.) сияқты түрлі бағдарламалар іске асырылды. Бағдарламалардың мақсаты ауылдық елді мекендердің 80% және қалалардың 100% орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізуді қамтамасыз ету болды, алайда нысаналы индикаторларға қол жеткізілген жоқ.

Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердің 51%-да таза ауыз суға қол жетімділік жоқ, ауылдардың тек 64%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, 1146 ауылда құрылыс әлі аяқталған жоқ. Жоспарлы көрсеткіштердің орындалмауы қалалық елді мекендер бойынша да тіркелді: бүгінгі таңда қалалардың 97,5%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген.

2016 жылдан 2020 жылға дейін Қазақстанда суды жалпы тұтыну 17,8%-ға өсті. Халық санының өсуіне қарай су тұтыну өседі. Мәселен, 2016 жылдан 2020 жылға дейін халық санының өсу қарқынын ескере отырып, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 41,8%-ға артады, ал жан басына шаққандағы шаруашылық-ауыз су қажеттіліктерінде суды пайдалану 16%-ға (2020 жылы 42,5 м3-ден 2050 жылы 49,3 м3-ке дейін) артады, судың жалпы жылдық тұтынылуы жан басына шаққанда 47,4%-ға өседі (2020 жылғы 32,1 м3-тен 2050 жылы 47,3 м3-ке дейін).

БҰҰ болжамдары бойынша, Қазақстан 2040 жылға қарай қажеттіліктің 50% көлемінде су ресурстарының тапшылығына тап болуы мүмкін, ал 2050 жылға қарай су тапшылығы 3 есеге артады. Дүниежүзілік Банктің талдамалық деректері бойынша, егер елдің су ресурстарын пайдалану және басқару тиімділігі артпаса, су тапшылығына байланысты Қазақстанның ЖІӨ-нің 6%-ға төмендеуі болжанады.

3.2. АӨК-де су ресурстарын пайдалану

Негізгі су тұтынушы – жыл сайын су ресурстары көлемінің 60%-дан астамын тұтынатын ауыл шаруашылығы. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің деректеріне сәйкес, ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне су алу жылына 15,4 км3 құрайды (12,2 км3 – суару (тұрақты және лиманды), 2,9 км3 – шабындыққа құю, 109 млн. м3 – ауыл шаруашылығын сумен жабдықтау, 102 млн. м3 – жайылымдарды суландыру).

Ауыл шаруашылығында суды беру мен суарудың (тамшылатып, жаңбырлатып, дискретті) суды үнемдейтін технологияларын пайдаланудың төмен деңгейі байқалады. Бүгінгі таңда пайдаланылатын суармалы жерлердің тек 14%-ы (шамамен 200 мың га) су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып суарылады.

Израильдің ауыл шаруашылығы елдің барлық су ресурстарының 58% (1,2 км3) тұтынады. Суарудың технологиялық жетілдірілген әдістерін енгізу (бүрку, компьютерлендірілген және автоматтандырылған басқару жүйелерімен тамшылатып суару) 1 гектар жерге су тұтынуды 6-7 м3 (Қазақстанда 9-10 м3) дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, тұщы суды қайта пайдалану және сарқынды суларды қайта өңдеу есебінен айтарлықтай үнемдеуге қол жеткізілді (Израильде сарқынды сулардың 100%-ы қайта пайдаланылады, Қазақстанда 29%).

3.3. Өндірісте су ресурстарын пайдалану

Өнеркәсіп қажеттіліктеріне су алу көлемі 5,6 км3 немесе жалпы су тұтыну көлемінің 28% құрайды. Өнеркәсіпте пайдаланылатын су көлемі жыл сайын артып келеді. 2016-2020 жылдар аралығында суды тұтыну 36,1%-ға өсті (2016 – 4,1 км3, 2020 – 5,6 км3).

Өнеркәсіптегі су шығыны – 3%. Кәсіпорындардың тек 30%-ы айналымдағы сумен жабдықтау технологиясын пайдаланады.

Бұл ретте, 2040 жылға қарай өнеркәсіптің су тұтынуы жылына орта есеппен 1,1%-ға ұлғаяды деп күтілуде, бұл экономиканың газ, мұнай өндіру және өңдеу, тау-кен өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі сияқты салаларында өндірістің өсуіне байланысты.

Қорытындылар мен ұсыныстар

I. Ауыл шаруашылығы өндірушілерін үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін, сондай-ақ ирригациялық жүйелерді ұстауға арналған шығындарды жабу мақсатында мыналар ұсынылады:

— үнемдеу технологияларын дамытуға баса назар аудара отырып, су құнын субсидиялау тетігін өзгерту

— ауыл шаруашылығы өндірушілеріне суармалы су бергені үшін ағымдағы тарифтерді қолайлы деңгейге дейін ұлғайту жағына қарай қайта қарау.

II. Ирригациялық жүйелер мен сумен жабдықтау желілерін жаңғыртуға инвестициялар қажет.

III. Шекаралас мемлекеттердің трансшекаралық өзендер бойынша жоспарларын ескере отырып, су ынтымақтастығы тетігін жетілдіру мәселесін пысықтау қажет.

Добавить комментарий